Албырт  едім,

Ұшу  ұшін  жаралған,

Тоқсан  жолдың  торабына  аттанып,

Қанатымның

Қауырсынын  тарамдап,

Баптаудай –ақ  баптадым.

 

Әлі  күнгі 

самғар  едім  биікте,

Көкке  жұртты  тамсандырып,  қаратып.

Қанатым  жоқ.

Шәкірттерім  іріктеп,

Алып  кеткен  таратып.

 

Өкінбеймін.

Үзілмейді  күдерім

Жанды  жеген  арыламын  күдіктен.

Түлеп  ұшқан

шәкірттердің  біреуін,

Көре  қалсам  биіктен.

 

Кейде  өзім  де,

Өткенімді қиялдап,

Жиып  теріп  қауырсындар  құрамын,

Қайта  түлеп,

Көз  ұшына,  қиянға,

Ұшқым  келіп  тұрады.

 

Өткенді  тек

Таба  алмаймын  іздеп  те.

Балпандар  шетінде  жүр  шалғайдың.

Қауырсынды 

қайтарсам  да  жүздеп  те,

Қанат  құрай  алмаймын.

 

Ұша  алмаймын

Артта  қалды  арман-ән.

Жұбанамын

- тиді  деп  бір  жәрдемім,

Қырандарда  көк  төсінде  самғаған,

Қауырсыным  бар  менің.

 

Енші  бөлгем, 

жан  емеспін  шерменде,

Қайдасыңдар  балапандар  кешегі,

Бір  қауырсын  қаламым  бар, 

сендерге,

Хат  жазуға  жетеді.