Досым  менің  сыр  шығармас  тісінен,

Өзін  өзі  қуып  тыққан  ішіне.

 

Досым  бейне  түпсіз  терең  құдықтай,

Мұң  мен  шерін  қамап  алған  құлыптап.

 

Іштегі  шер  шығуға  жанталасып,

Төмпештейді  жұдырығын  қанатып.

 

Бірақ  досым  сыр  ашпайды  ашылып,

Жыламайды  иығыма  асылып.

 

Қапас  кеуде  бара  жатыр  тарылып,

Қорқам  бір  күн  кете  ме  деп  жарылып.

 

Жарылмайды,

                 күрсінеді  жасырмай,

Гүлге  тамған  арудың  көз  жасындай.

 

Тұңғиықтан  шығарады  ең  ізгі

Өкінішті,

        өксігіндей  теңіздің.

 

Мен  де  бұрын  ашық  едім  жайдары,

Ойламаған  аярлықты,  айланы.

 

Мені  де  өмір  еркелетпей  күнімен,

Шағып  алды  әйелдің  у  тілімен.

 

Менің  дағы  сырым  ішке  құйылды,

Құлыпталды,

      күлкім  де  сап  тиылды.

 

Сыздайды  кеп  іштегі  шер  қабынып,

Қорқам  бір  күн  кетем  бе  деп  жарылып.

 

Жарылмаймын,

                   күрсінемін  жасырмай,

Жерге  тамған  арудың  көз  жасындай.

 

Өкінішті  өксігіндей  теңіздің,

Іштен  шерді  шығарамын  ең  ізгі.

 

Достым,

Біздер  бөгде  жұртқа  бөтенбіз,

Баяғыдай  кездесеік  екеуміз.

 

Шарап  ішіп  екеуара  мұңайып,

Күрсінісіп   алайықшы  бір  ауық