Адам  өзін  әу  бастан  түсіне  ме?

Үлгі  болар  үлкенге,  кішіге  де,

Көсем  менен  шықпады,

                                    батырлық  пен

Ғарышкерлік  кірмепті  түсіме  де.

 

Өнер  бітпей  басыма  ырымға  да,

Өңшең  «дарын»  күледі  қырын  қарап.

Түйе  мініп  төрт  ауыз  өлең  айтқан,

Бабамнан  қалған  мұра  жырым  ғана.

 

Енді  көне  тірілтіп  жәдігерді,

Таң  атырам  сарғайтып  сары  белді,

Сезім  құйып  жастардың  санасына,

Шежіреге  кенелтем  кәрілерді.

 

Жықпылына  үңіліп  жылнаманың,

Жаңылмайды  зергерлік  қылқаламым.

Үңгіріне  алғашқы  адамдардың,

Тасқа  қашап,  таңбалап,  жыр  жазамын.

 

Текке  қаза  қылғызбай  бір  намазын,

Уағызыма  ұйытам  қыр  қазағын.

Түгел  сөздің  тірілтіп  түп  атасын,

Майқы  бише  мақалдап  жыр  жазамын.

 

Сөз  атасы!!! 

Арқалап  азабыңды,

Жазбақ  едім  қақ  жарып  қара  қылды.

Өңшең  «дарын»  ішінде,   құнсыз  жырды,,

Білмей  тұрмын  кім  үшін  жазарымды.