Батырлық  бар бағындырған  талайды,

Шын  батырлық  қамқорлықты  қалайды.

Жүз  кісіге  көрсеткенше  жұдырық,

Бір  кісіге  жәрдем  берсең  жарайды.

 

Сұлулық  бар  сүйсіндірген  талайды,

Шын  сұлулық  сыпайыны  қалайды.

Жүз  кісінің  тіиек  болмай  тіліне,

Бір  кісіге  тілек  болсаң  жарайды.

 

Махаббат  бар  табындырған  талайды,

Шын  махаббат  ұйалшақты  қалайды.

Жүз  жігіттің  жанарында  болғанша,

Бір  жігіттің  жары  болсаң  жарайды.

 

 

 

            ***

Шүпілдеп  қарашықта  қара  зәмзәм,

Амалсыз  арбалады  қараған  жан.

Жалынға  құлап  көзсіз  көбелегі,

Жүрегі  жүз  жігіттің  жараланған.

 

Қол  жетпес  канизәкқа  күймедегі,

Тіл   біткен  сөз  айта  алмай  күрмеледі.

Жасқанған  сүйгеніне  сөз  айтуға,

Жәлепке  ұнамайтын  үйленеді.

 

Қастерлеп  қаситетін  бір  басының,

Сиқырлап  сыңғырымен  сырғасының,

Ақыннан  ұрпақ  алып  қалмас па  еді,

Басында  миы  болса  ұрғашының.

 

 

              ***

 

Аллаға  сенген  алаң  бола  ма?..

Жанымды  текке  жасытпай,

Ақырғы,

             ақтық  аялдамаға,

Аяңдап  келем  асықпай.

 

Жалтарып  кетті  жанама  жалған,

Қайтемін  құмар  қанбаса.

Аңғал  жүректің  жаралап  алған,

Алақандары  қан  жоса.

 

Көшеді  бастан  сарша  тамыз  да,

Өтеді  жастық  жалындап.

Фараондардың  саркофагында,

Жатады  тәнім  дамылдап.

 

Төрткүл  ғаламға  жиған  зердені,

Жаратқан  ием,

                                шеберім.

Арман  мен  ділдің  жиһангерлері,

Еншіңде  сенің,  сенемін.

 

Балта  батпайтын  қағидаларын,

Бұлжытпас  жазмыш  кітабы.

Қас  қағым  сәтте  жазым  боларым,

Мәңгілігімнің  нышаны.