Жанарыңның  айдынын,

Аңсап  жүрмін  Айгүлім.

Көңіл  алаң  өзіңмен,

Көрісем  деп  қай  күні.

 

Өзің  болып  әр  сағым,

Елесіңнен  шаршадым.

Шашың  ба  деп  толқынды,

Сипап  өтті  саусағым.

 

Тамшыдайын  төгілген,

Тұлымыңды  аңсадым.

Еркеліктен  өрілген,

Қылығыңды  аңсадым.

 

Шашу  шашқан  уыстап,

Шаттығыңды  аңсадым.

Төсіңдегі  уыз   шар,

Пәктігіңді  аңсадым.

 

Ай  астынан  іздедім,

Мекеніңді  білмедім.

Жұмбақ  қыз  боп  жқмақта,

Жасырынып  жүр  ме  едің.

 

Күн  астынан  іздедім,

Күдерімді  үзбедім.

Күтудемін  қонар  деп,

Жүрегіме  бір  менің.

 

Неге  тым  кеш  жолықтың,

Нәзік  гүлсің  соны  ұқтым.

Кірпігіңнен  тамшы  жас,

Үзілер  деп  қорықтым.

 

Қылығыңа  шөлдедім,

Сан  сұлуды  көрмедім.

Өмірдегі  ең  соңғы,

Махаббатым  сен  бе  едің.