Мынау  менің  отаным – Қазақстан,

Ширатылған  жұлыны  тарамыстан.

Болашаққа  ел  болып  ену  үшін,

Айдахармен,

                    аюмен  сан  алысқан.

 

Тәуесіздік  жолында  азаптанған,

Халқым  анау  тосыннан  азат  болған.

Тілсіз,  ділсіз,  рухсыз  мәңгүрттеніп,

Ауызына  көсемнің  қарап  қалған.

 

Анау  менің  Елбасым -  ел  төресі,

Құдай  тұтып  келемін  еркелетіп.

Анау  аспан,

                        көгілдір  кеңістікте,

Тәңір  өмір  сүреді  мен сенетін.

 

Мынау  менің  жастарым

                                        әлем  көрген,

Атасына  жат  тілде  сәлем  берген.

Мәсімовты  БҰҰда  бір  сөйлетсем,*

Өлмегенін  тілімнің  дәлелдер  ем?

 

Түйе  қомы  бесігі,

                                 аттың  жалы,

Көшпенділер  басында  бақ  тұрмады.

Тентіреген  Титаник – Жерім  мынау,

Паналаған  батысты  босқындары.

 

Салсаң  дағы  саудаға  бай  даланы,

Тіршіліктің  қайнайды  тайқазаны.

Бруннолық  алаудан  қуат  алған,

Галлилей – жер  «бәрібір  айналады.»

 

Қытай  кезіп,

                        саудалап  жаттың  малын,

Тығырықтан  шығарар  тақсырларым.

Құны  жоқ - ау,  халқыммен  бөлісер  ем,

Маржаныммен  тілімнің  астындағы.

 

*-Елбасы  БҰҰда  мемлекеттік  тілде  /қазақша/  сөйледі.