Көк  Тәңірге  табынған  Түрік  бабам,

Тіні  бірін  тірліктің  ұмытпаған.

Жастар  үшін  тігілген  ақ  отаулар,

Айнымайды  жұп-жұмыр  жұмыртқадан.

                                                       

Пәлсапаға  үңіліп  қарасаңдар,

Креативтен  күрделі  дана  шалдар.

Жұмыртқаның  ішінен  шексіздікке,

Қанат  байлап  ұшады  балапандар.

 

Қара  шаңырақ - күмбезі  жанұйяның,

Құстар  үйір  үйіне  қарияның.

Балапандар  ұшқанша  Қарлығаш  би,

Жау  шапса  да  жықпаған  шаңырағын.

 

Біледі  ол,

                тіршілік  тұмар  тағып,

Жалғасады  бұл  өмір  ұран  салып.

Бір  қария  ауылда  көзін  жұмса,

Сәби  туып  бір  елді  қуантады.

 

Ұрпағымен  көгеріп  түлеген  ер,

Күнге  созып  саусағын  түрегелер.

Өшпек  емес,

                    ошаққа  май  тамызып,

Отау  тігіп,  бесігін  түзеген  ел.