Зердесіне  тарихтың  желік  беріп,

Көне  қорған  тұратын  көріктеніп.

Бірте-бірте  барады  құмға  сіңіп,

Қара  жердің  қыртысы  тегістеліп.

 

Бекінгенде  дүние  тарылуға,

 Бабамыздың  бейкүнә  жаны  мұнда,

Қапелімде  қаперсіз  қалғып  кетіп,

Қалып  қойған  Харонның  қайығында.

 

Тәні  жатыр  қабірдің  түрмесінде,

Тіршіліктің  жаны  жүр  іргесінде.

Миналарда  түршігіп  оянады,

Басып  кетіп  бөбектер  жүрмесін  деп.

 

Фәни – бақи  аралық  көпірде  бір,

Жұмаққа  да  жетпеген  жетім  көңіл.

Жаушы  болып  шырылдап  біздер  үшін,

Бомбалар  мен  оқтардың  өтінде  жүр.

 

Тура  айтатын  биліктің  төресін  де,

Бабалардың  мәрттігі  ел  есінде.

Түсірмейтін  жазықсыз  жанға  жара,

Сезім  тірі  Сақтардың  жебесінде.

 

Атысусыз,

                соғыссыз  жер  көруге,

Қызымет  қып  келеміз  елге  біз  де.

Бақилыққа  аттанған  бабаларым,

Өмір  сүріп  келеді  зердемізде.