/ Цикл/

                 1.

 

Асқарынан  күміс  нұр  төгілетін,

Абыз  шыңдар  шертеді  шежіресін.

Әр  тасында  тарихтың  таңбасы  бар,

Мұражайда  жүргендей  сезінесің.

 

Баянаула – Тигрохауд  тымақ  киген,

Тамсанады  аңызға  құлақ  түрген.

Жігіттері  жауына  найза  тіреп,

Садақ  тартып  қыздары  құр  ат  мінген.

 

Өткен  дәуір  еңсесін  түсірмеген,

Бабалардың  Баяннан  сұсын  көрем.

Жөңкіп  аққан  жылдардың  кейіпкерін,

Балбал   тастан  табиғат  мүсіндеген.

 

Тас  тұғырдың  төсіне  жетем  деген,

Тайғанақ,  тар  соқпақпен  көш  өрлеген.

Осы  жерден  бақытқа  бағыт  сілтеп,

Әулиелер  үңгірін  мекендеген.

 

Тауқыметі  тағдырдың  құрта  алмаған,

Түк  қалдырып  төсінде  жылқы  аунаған.

Астаң-кестең  заманның,

                                               бастан  кешкен

Дәріптейді  дастанын  мылқау  ғалам.

 

Қиялымен  ғайыпты  кезіп  келген.

Иранбақтан  бабалар  жеміс  терген.

Қайтармастан  меселін,

                                            жаратқаным

Оймақтай  жер  жұмақтан  бөліп  берген.

 

Орындалып  ай-тұмар  армандары,

Өткен  өмір  аңыз  боп  қалған  бәрі.

Көлдерінде  қасиет  тұнып  қалған,

Баянаула – жерімнің  пайғамбары.