Дала  жатыр  далиып,  алқам-салқам.

Келем  десең  құда  боп  арқан  тартам.

Бейқам  жатқан  далама  жарар  еді,

Дауласпаса  көз  тігіп  сайқал  сайтан.

 

Алпауыттар  сертінен  айнығанда,

Неге  дала  үн  түнсіз,

                                         алжыған  ба?

Ойламайды  күні  ертең  жолығам  деп,

Аннексия  дейтұғын  әпжыланға.

 

Күн  астына  қыздырып  қыраттарын,

Сезбейтіндей  соғыс  пен  сынақ  барын.

Ұлы  бабам  қорғаған  ұлтарақ  жер,

Тас  бекітіп  алғандай  құлақтарын.

 

Жесір  дауы  бітпепті,

                                          дала  дауы,

Бір  біріне  күштілер  жала  жауып,

Әлем  жатыр  жер  үшін  арпалысып,

Айдың  беті  күні  ертең  таланады.

 

Бұл  да  ғайып  болады,  қара  да  тұр.

Бастан  кешіп  бірнеше  заманақыр,

Біреуін  де  түсінде  көрмегендей,

Алқам–салқөам  далиып  дала  жатыр.

 

 

              ***

 

Сұрағымды  тілдегі,

Еттім  елге  жария.

-Ең  аяр  жау  кім? – дедім.

-Адам – деді  қария.

 

Сұрақтар  көп  күрделі,

Ақыл  да  кен,  дария.

-Ең  адал  дос  кім? – дедім,

-Ажал – деді  қария.

 

 

             ***

 

Құтыларсың  күдіктен  қайда  барып,

Оралмасы  өмірдің  айдан  анық.

Шүкір  деймін  Аллаға,

                                         бір  ошаққа

Бірімізді  біріміз  байламадық

 

Арды  бодан  еткен  соң,  заңды  бодан,

Не  тілейді  құдайдан  зарлы  қоғам.

Ештеме  жоқ  өзгерген,  баяғыдай

Көңілсіз  күз,

                        көк  тайғақ,

                                           қарлы  боран.

 

Қытықтасаң  күлмейді  бұлағың  да,

Жапырақсыз  тұл  ағаш  құлазуда.

Шіркін  Алла  алдында  қалғып  кетіп,

Періште  боп  оянсаң  жұмағында.

 

Аярлықтан  жүретін  көш  ілгері,

Паранжасы  шындықтың  шешілмеді.

Бір  кәдеңе  жарамай  кетіп  барам,

Қалың  ел,  қайран  жұртым  кешір  мені.

 

 

     ***

 

Адам  ұлын  кім  қарғады,

Патша  кетті  пенде  боп.

Табынатын  дін  қалмады,

Бөлісетін  жер  де  жоқ.

 

Жұлмалайды  жындай  кезіп

Періштелер  мекенін.

Крым  әлі  білмейді  өзі

Кімнің  құлы  екенін.

 

Көсем  болып  сапқа  кірмек,

Аңқау  елге  қиын  да.

 «Мен  Исаны  сатпадым» – деп,

Ант  ішеді  Июда.

 

Құлдық  құрып  жер  бетіне,

Шымырлатып  құйқаны,

Табынып  жүр  бейнесіне

Өлтіргендер  Исаны.

 

Вахабитке  тоналады

Хадистері  құранның.

Пасха  сайын  боянады

Жұмыртқасы  жыланның.

 

Кеше  ғана  мынау  елдің,

Қанын  ішкен  батпандап,

Олигархтар  шыға  келді

Отаншыл  боп  «аттандап».

 

Арандатып  тұрады  кіл,

От  тамызып  пілтеге.

Барлығының  ұраны  бір,

Divide  et  impera»*.

 

Қиылмады  жолдары  да,

Жұлынбады  жұлыны.

Мұнша  қысқа  болғаны  ма,

Құдайдың  да  құрығы.

 

*«Бөліп  ал  да  биле»