Кескіндеуге  кезенсе  егер

Қылқаламның  шебері,

Күннен  ғөрі  көлеңкеге,

Көбірек  мән  береді.

 

Көніп  өнер  азабына,

Жұмса  қанша  күш  мейлі,

Күн  бейнесі  қағазыңа

Көлеңкесіз  түспейді.

 

Көлеңке  тұр  қанық  нұрға,

Бейнелеудің  тіні  боп.

Байқасаңыз  жарықтың  да,

Көлеңкесіз  күні  жоқ.

 

 

            ***

 

Бәрі  өткінші. 

Құл  болады  алып  та,

Күн  өртеніп,  Ай  сіңеді  ғайыпқа.

Аларымды  алдым  білем  өмірден,

Түк  бермедім,  бұйырмаңыз  айыпқа.

 

Талақ  болып  дүниенің  кеңдігі,

Қарға  адымдай  қысқа  жолға  жел  мініп,

Жерді  бөліп,

                    махаббатты  меншіктеп,

Отпен  ойнап  өткеніміз  белгілі.

 

Күрт  басылдық,

                        бәсекені  қой  бала.

Барымтаға  килікпейміз,  тойға  да.

Қызылымен  көзді  арбаған  дүние,

Қызықтырма,  енді  бізбен  ойнама.

 

Бықсыдың  ба

                     алау  болып  жандың  ба,

Салқындайтын  сәті  түсер  қанның  да.

Мінәжат  қып  мейірімді  Аллаға,

Сәл  тізе  бүк  аттанардың  алдында.

 

 

              ***

 

Заманымның  пейілі  тарылғасын,

Саған  келдім  тағы  да,

                                      жанымды  ашып.

Мәңгіліктің  алдында  тұрғандайын,

Қалтыраймын,  жүректен  қаным  қашып.

 

Түн  таусылып,  түнекке  төнген  арай,

Жаураған  бұлт  жылжиды  көлге  қарай.

Құлазиды  төсегің,

                                  бетпақ  түзде,

Қаталаған  сезімге  шөл  даладай.

 

Адырнадай  шіреліп  жұлындарың,

Қиналасың,

                      шырылдап  шыбын  жаның.

Мен  бәріне  шыдауға  жұмылғамын,

Бір  бұл  емес  пейіштен  қуылғаным.

 

 

               ***

 

Сандалды  санам  саққа  сан  бөлініп,

Содырдың  тамырында  қан  желігіп,

Қосылды  Қрым  қайта  Ресейге,

Кешегі  одақтасы  жау  көрініп.

 

Отаншыл  ұранынан  «мас  кісінің»,

Лениннің  тітіркенді  тас  мүсіні.

Елімде  есерсоқтар  еліріп  жүр,

Аузына  айдахардың  ас  пісіріп.

 

Болжамы  бұлжымады  көріпкелдің,

Қан  төгу  болды  ермегі  еріккеннің.

Тірілер  ойлап  тапқан  зұлымдықтан,

Шаштары  тік  тұрады  өліктердің.

 

Осы  ма  қалағаның?

                                         Бүлік  міне

Таптап  жүр  арманды  да,  үмітті  де.

Достықтың  майданына*  қан  құйылып,

Ажал  жүр  көшелерді  тіміскілеп.

 

Тебісіп  төбедегі,

                                  төрдегі  де,

Аналар  тұншығады  өз  деміне.

Тіршілік  төрелерге  жалтақтайды,

Сәбидің  алақандай  көздерімен.

 

Кеңестің  кіші  пейіл  халықтары,

Тар  пейіл  жауыз  болды  тамұқтағы.

Қанаты  екі  басты  құбыжықтың,

Одаққа  пана  болып  жарытпады.

 

Көз  жасын  бір  бірінің  көрмегесін,

Қол  ұшын  бір  біріне  бермегесін,

Одақтың  жұдырықтай  саусақтары,

Түрі  бар  жеке - жеке  жерленетін.

 

 

              ***

 

Мен  қылмыс  қоғам  үшін  жасамағам,

/Күнәдан  сақтандырған  Ата-Бабам./

Жаңа  бір  әлем  аштым  халқым  үшін,

Шөлдеген  ақиқатқа,

                                         қаталаған.

 

Ысырып  кеудемменен  кеңістікті,

Теңедім  түстік  пенен  терістікті.

Мәңгүрттер  мезі  қылған  мынау  әлем,

Соғыстан,

                    қан  төгістен  жеріп  бітті.

 

Ұрлықты,  аярлықты,  пасықты  мен,

Мәрттіктің  табанына  басып  кілең,

Қалдырып  зұлымдықты,

                                           дерт  пен  шерді,

Құшағын   жаңа  әлемнің  ашып  кірем.

 

Ол  жерде  тек  ізгілік  жасалады,

Жауыздық  жойылады  тасадағы.

Жүріңдер  жақсы  менен  жайсаңдарым,

Ол  ғалам  «БОЛАШАҚ»  деп  аталады.

 

 

           ***

 

Құтылармын  қарғыстан  қайда  барып,

Қараулықтың  кең  етек  жайғаны  анық.

Жалмауыздар  жерімді  тонап  бітті,

Аңқаулығын  елімнің  пайдаланып.

 

Қысырақтың  үйірін  шұрқұраған,

Қармап    жеген  нарықтың  сұрқы  жаман.

Салған  жымын  жасырып  қансонарда,

Шалдырмайды  тазыға  түлкі  заман.

 

Арыла  алмай  ел  отыр  өсегінен,

Айнымайды  ертеңім  кешегіден.

Алалайды  аярлар  алты  алашты,

Жезөкшенің  жел  есіп  етегінен.

 

Ақырзаман  басыма  жақындатып,

Атқа  мінген  жат  жұртқа  жатыр  қашып.

Қожанасыр,  әпенди,  сақал  сипап

Алдар  отыр  алданып,  басын  қасып.

 

Адым  сайын  аяғы  кері  басқан,

Қадір  кетіп  кешегі  кәрі  бастан,

Көзсіз  ерген  соңына  көсемдердің,

Пенделерміз  өзінен  өзі  қашқан.

 

Гүл  бітпеді  жолыма,  жуа  бітті

Ақ  бастауы  арманның  суалыпты.

-«Сүйген  ұлы  Алланың,  әр  заманда,

Қуғын  көрген» - деп  бабам  қуаныпты.

 

 

      ***

 

Қайғы  айтты.

–Пайғамбарды

Қуантпады  кең  ғалам.

Жатырқама,  жалғандағы

Жалғыз  серік  мен  болам.

 

Ажал  айтты.

– Жолдасың  жоқ

Қасіретіңнің  біл  емін.

Қой  боғындай  қорғасын  боп

Самайыңнан  сүйемін.

 

Алла  айтты,

--Бұл  адамзат

Арманына  жетпеген.

Күдіктенбей  күнәға  бат

Қайырым  тіле  тек  менен.