Көне  сурет.

                    Білмеймін  біз  нешеде,

Қол  ұстасып  келеміз  бір  көшеде.

Ескі  фото,  өткенді  қайталайды,

Кімге  керек  екенін  білмесе  де.

 

Қайран  өмір,

                         соншама  күрделі  мең,

Арпалыстым  мазасыз  түндеріммен.

Дін  мен  ділден  безгендер,  мыналар -  деп,

Ғайбаттайтын  шығар  ау  кім  көрінген.

 

Көншімеген  көңілді  кекке  малып,

Бір  құйынның  басымнан  өткені  анық.

Тәртібінен  қоғамның  қашқан  өзім,

Өкпелеймін  несіне  көпке  налып.

 

Көппен  бірге  көрмеген  қызығым  да,

Алақанның  жазулы  сызығында.

Өзімді  өзім  жұбатам.

                                      –Фәни  жалған,

Барлығы  да  Алланың  құзырында.

 

Сертім  де  сен,

                           іштегі  дертім  де  сен.

Жаһаннамның  өшпейтін  өртін  кешем.

Қалай  өмір  сүремін  бұл  зауалмен,

Тұншықтырып  зердемді  өлтірмесем.

 

 

              ***

 

Тәнім  мәңгі  құлдықта,

                                      қашқын - жаным,

Алланың  аспанының  астындамын.

Басыбайлы  өмірдің  тұтқынымын,

Сезем  ішкі  дертімнің  асқынғанын.

 

Көнбіс  халқым,

                          тірліктен  күтті  нені,

Қоныс  тепті  Ұйықтан  күштілері.

Бізге  біткен   доңыздар  тұмауратып,

Вирус  енген  тауықтар  түшкіреді.

 

Өзгергенін  заманның  көзім  көріп,

Кеңістіктің  түкпірін  кезудемін.

Нәпсі  құлы – спидке  еркелейді,

Есірткімен  уланған  сезімдерім.

 

Кім  ойлаған  жұтар  деп  халық  қайғы,

Қарғыс  алған  күнәдан  айықпайды.

Ошағында  дозақтың  өртенгендер,

Жылу  беріп  жұмаққа  жарытпайды.

 

Күпір  басты  пендемен  келмей  тілге,

Пейіште  жүр  құдайға  сенбейтіндер.

Баба  түкті  шашты  Әзиз  көзін  жұмып,

Қасіретін  халықтың  көрмейтіндей.

 

 

          ***

 

Жамандықты  зередей

Жанарыңнан  таниды.

Періште  ғой  сәуегей,

Жылатпаңдар  сәбиді.

 

Сәбилерді  сынауда,

Жылатпауың  бізге  сын.

Қабіріңде  жылауға,

Жасы   қалмай  жүрмесін.