Қаланың  кешкі  шамдары  жанып,

Лүпілдеп  түннің   жүрегі.

Аспанның  қанша  салмағы  барын,

Астана  ғана  біледі.

 

Жаратқан  ием  пешенемізге,

Ортақ  махаббат  бергендей.

Енемін  түнгі  көшелеріңе,

Ыстық  құшаққа  енгендей.

 

Жеткенше  саған  асығып  едім,

Көмейге  тұнып  жырларым.

Түсімде  көрген  ғашығым  едің,

Сұлулығыңды  сыйладың.

 

Шексіз  ғаламның  зердесін  бердің,

Үйлескен Тәңір  үнімен.

Ғарыш  пен  жердің  бейнесін  көрдім,

Зәулім  бәйтерек  түбінен.

 

Жамылып  түнді,

                              қалыңдығыма

Ұрын  келгендей  үрланам.

Бойжеткен  қыздай  талыңды  мына,

Бейнелей  алмас  қылқалам.

 

Нұрынан  айдың  ақ  күміс  теріп,

Ақ  білегіңді жастанам.

Ояншы  дәйім  жақсы  түс  көріп,

Жасыл  жұмағым – АСТАНАМ.